Тоқаев: «Еуропа мен Қытай жүгінің 85%-ы біздің ел арқылы тасымалданады»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін атап өтіп, еліміздің транзиттік әлеуеті зор екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) инвестиция тарту, инновацияны дамыту және корпоративтік қызмет көрсету салаларында аймақтың жетекші орталығына айналған. Бүгінде оның платформасында 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

«Ерекше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысушылар қатары алдағы уақытта да көбейеді деп сенеміз. Қазақстан, сондай-ақ өңір нарығына шыққысы келетін пәкістандық кәсіпкерлерге сенімді әрі ашық мүмкіндіктер ұсынамыз», – деді Президент.

Сонымен қатар, Тоқаев екі елдің географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін, бұл өңірлік және жаһандық байланыстың негізгі буыны болуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол транзиттік ағындарды тиімді үйлестіру үшін Smart Cargo бірыңғай цифрлық басқару платформасы әзірленгенін айтты. Президент «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» және Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы мен Pakistan Post компаниялары арасындағы келісімді құптап, олардан мультимодальды тасымалды ілгерілету және екі елдің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалану бойынша нақты қадамдар күтетінін білдірді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика