Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифтің қатысуымен өткен бизнес-форумда 200 миллион долларға жуық 30-дан астам келісімге қол қойылды. Енді екі ел сауда айналымын 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықтың тарихи кезеңі болғанын атап өтті. Сапар барысында серіктестікті стратегиялық деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен декларация қабылданған.
«Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қазір Қазақстанда Пәкістан капиталының қатысуымен 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларда жұмыс істейді. Осыған байланысты Тоқаев Үкіметке екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы ықпалдастықты жандандыруды тапсырды.
«Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент инвесторлар мен бизнеске арналған процестерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құрылғанын еске салды.
Фото: Әлеуметтік желіден
