Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шариф екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін маңызды құжатты бекітті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ресми кездесу барысында екі елдің басшылары Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Бұл тарихи келісім екі мемлекеттің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған.
Стратегиялық серіктестік аясында тараптар аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту және іскерлік байланыстарды нығайту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат Астана мен Исламабад арасындағы көпжылдық достық қарым-қатынастың заңды жалғасы болып, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тұрақтылықты арттыруға оң ықпалын тигізеді.
Фото: Әлеуметтік желіден
