Фото: t.me/flyarystan_inform
FlyArystan әуе компаниясы 1 наурыздан бастап тегін қол жүгінің салмақ шегін 5 келіден 7 келіге дейін ұлғайтады. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Компания мәліметінше, қол жүгінің рұқсат етілген өлшемдері бұрынғыдай қалады. Яғни, сөмкенің габариті 56x23x36 см-ден аспауы керек.
Шешім нарықты және жолаушылар сұранысының құрылымын талдау нәтижесінде қабылданған.
«Жаңа ережелер 1 наурыздан бастап күшіне енеді және осы күннен бастап орындалатын рейстерге рәсімделген барлық әуе билеттеріне, сатып алынған уақытына қарамастан, қолданылады», – деп хабарлады компания.
Сонымен қатар, тасымалдаушы бір жолаушыға салмағы мен өлшем талаптарына сай келетін бір ғана қол жүгін алып жүруге рұқсат беру қағидатын сақтайтынын атап өтті.
