Әкімдіктерге жаңа құзырет берілді: Енді қоқыс тастағандарды өздері жазалайды

2026 жылдың наурызынан бастап Қазақстанда қаланы ластағаны және абаттандыру ережесін бұзғаны үшін айыппұл салу тәртібі өзгереді. Енді бұл құзырет полициямен қатар жергілікті әкімдіктерге де беріледі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы 2023 жылдың 30 желтоқсанында қол қойған заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың құқығы кеңейтілді. Жаңа ереже бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыс әкімдіктері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша өздері әкімшілік хаттама толтыра алады:

  • 434-2 бабы — ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін;
  • 505 бабы — абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін.

Бұған дейін мұндай шараларды тек ішкі істер органдары ғана қолданатын еді.

Бұл өзгеріс әкімдіктерге қала мен ауыл аумағындағы заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуге, рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастаумен тиімді күресуге, жасыл желектер мен қала инфрақұрылымын бүлінуден қорғауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жергілікті билік органдарының бұл іске араласуы азаматтардың тәртібін едәуір жақсартып, құқық бұзушылық санын азайтады.

Өткен жылдың өзінде осындай заң бұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Оның 189 мыңы қоғамдық орынды ластаса, 403 мыңы абаттандыру ережесін сақтамаған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш мәселенің қаншалықты өзекті екенін және бақылауды күшейту қажеттігін дәлелдейді.

Жаңа құзырет күшіне енген соң, әкімдіктер полицияның араласуын күтпестен, тәртіп бұзушыларға бірден айыппұл сала алады. Бұл өз кезегінде қалалар мен елді мекендердегі тазалық пен жалпы ортаның жақсаруына ықпал етуі тиіс.

Фото: kt.kz

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика