Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы жалпыхалықтық талқылау үшін баспасөзде және ресми сайтта жарияланады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Конституциялық комиссияның кезекті отырысында оның төрайымы Эльвира Әзімова мәлімдеді. Ол құжат жобасының мәтіні «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде және Конституциялық Соттың ресми сайтында жарияланатынын жеткізді.
Әзімованың сөзінше, комиссия жұмысына заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің, сондай-ақ ғылыми орта, азаматтық сектор мен медиа саласының өкілдерінен құралған 130 адам жұмылдырылған. Барлық отырыстар ашық өтіп, Конституциялық соттың әлеуметтік желілерінде және «Конституциялық реформа 2026» арнайы Telegram-арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
«Жаңа Конституцияның негізіне адаморталықтық мемлекет моделі алынды. Онда адам, оның құқықтары, бостандықтары мен абыройы ең жоғары құндылық әрі мемлекеттік саясаттың басты бағдары ретінде танылады. Құжатта халқымыздың дәстүрлі құндылықтарымен, тарихи тәжірибесімен, әділдік, жауапкершілік пен қоғамдық ынтымақ туралы түсініктерімен тығыз байланысқан қағидаттар көрініс тапты», — деп атап өтті ол.
Комиссияның көптеген мүшесі ұсынылған өзгерістердің ауқымын ескере отырып, құжатты жай ғана түзетулер пакеті ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Қазақстан Президенті бұл ұстанымды қолдап, жобаны жалпыхалықтық талқылауға шығаруды ұсынды.
Фото: Әлеуметтік желіден
