Қазақстандағы әуежайлар аумағында дүкен немесе дәмхана ашу ережесі өзгерді. Енді кәсіпкерлер конкурссыз-ақ, тікелей келісімшарт арқылы орынды 20 жылға дейін жалға ала алады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Көлік министрлігі бекіткен жаңа ережеге сәйкес, бұл мүмкіндік сауда, қоғамдық тамақтану және жүкті буып-түю сияқты қызметтерге қатысты. Алайда тікелей келісімшарт жасау үшін кәсіпкер бірнеше нақты талапқа сай болуы керек.
Үміткер компания соңғы үш жылдың кемінде екеуінде шығынсыз жұмыс істеп, қажетті техникалық базаға ие болуы тиіс. Сондай-ақ штатында кемі 5 жылдық тәжірибесі бар үш маманның болуы және тәулік бойы қызмет көрсетуге қауқарлы болуы шарт. Бұған қоса, отандық әуежайларда жұмыс тәжірибесінің болуы немесе Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы ірі сауда орталықтарының операторы болуы маңызды.
Егер үміткер осы талаптардың біріне сай келмесе, онда жалға беру орны бұрынғыдай жалпы конкурсқа шығарылады.
Тікелей келісімшарт алдымен 10 жылға дейінгі мерзімге жасалады. Кейін оны әрқайсысы 5 жылдан аспайтын уақытқа тағы екі рет ұзартуға болады. Яғни, жалпы мерзім 20 жылға дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар, ведомство жалпы конкурс өткізу талаптарын да нақтылады. Енді қаржылық шарттар, инвестициялық міндеттемелер, өтінім беру мерзімі (15 күн) және үміткерге бас тарту себептерінің нақты тізімі бекітілді.
