Астанада 41 жастағы жүргізуші итін көлігінің артына байлап, сүйреп жүргені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Жантүршігерлік оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан. Кадрлардан жүргізушінің итті көліктің жүксалғышына байлап алып, №1 мамандандырылған ХҚКО аялдамасының маңында сүйреп келе жатқанын көруге болады.
Ақпаратқа полиция департаменті дереу назар аударып, көлік иесін анықтады. Тәртіп сақшыларына берген жауабында ол өз әрекетін былайша түсіндірген:
«Мен итті жай ғана қыдыртып жүрмін», — деген ол.
Куәгерлердің айтуынша, ит әлінен танып, жүрмей қалған кезде ғана жүргізуші оны көліктің жүксалғышына салып алған. Ер адамға қатысты жануарларға қатыгездік танытқаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Фото: Әлеуметтік желіден
