Қазақстанда бірнеше несиесі бар азаматтардың қарызын өтеу шарттары жеңілдеуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай жаңашылдықты қарастырған бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Егер құжат қабылданса, несие шартын өзгерту туралы өтініштерді қараудың бірыңғай тәртібі енгізіледі. Өтініш қаралып жатқан кезде банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарызды өндіріп алуға тыйым салынады және қосымша айыппұлдар мен комиссиялар есептелмейді.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына және төтенше жағдайдан зардап шеккендерге ерекше жеңілдік қарастырылған. Олар негізгі қарыз бен сыйақыны кемінде 3 айға ешқандай комиссиясыз кейінге шегере алады.
Бірнеше несиесі бар борышкерлер қаржылық омбудсман арқылы қарызын 1 жылдан 5 жылға дейін қайта құрылымдай алады. Сондай-ақ бірнеше несиені бір төлемге біріктіру мүмкіндігі де беріледі.
Әскери қызметтегі азаматтарға да арнайы шарттар бар. Қызмет өткеру кезінде және одан кейінгі 60 күн ішінде несие пайызы есептелмейді, төлемдер тоқтатылады. Шоттардағы шектеулер 5 жұмыс күні ішінде алынып тасталады.
