Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жеті баланың анасы өз үйінде кісі қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиға балаларының көз алдында болған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, 44 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмған. Аталған ауыр қылмысқа басты күдікті ретінде оның күйеуі қарастырылып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал туындап, соңы осындай қайғылы жағдайға ұласқан.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігімен (Адам өлтіру) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция департаменті.
Айта кетейік, бұл бап бойынша айыпты деп танылған азамат 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына сотталуы мүмкін.
Фото: Әлеуметтік желіден
