Мемлекеттік сатып алу: Енді бағаны асырғандардың жоспары іске аспайды

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны әдейі асыратын әрекеттерге автоматты түрде тосқауыл қойылады. Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбеилдің айтуынша, енді бағасы тым жоғары өтінімдер жүйеге жүктелмейтін болады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Вице-министр мемлекеттік сатып алу саласын реформалау барысында осындай жаңашылдық енгізілетінін жеткізді. Ол заң бұзушылықтардың көбіне конкурстық құжаттаманы дайындау кезінде жасалатынын атап өтті.

«Кейбір тапсырыс берушілер белгілі бір өнім берушіге арнап, тауарға қойылатын талаптарды күрделендіріп немесе оның құнын жасанды түрде көтереді. Қазір мұндай жағдайларды тәуекелдерді басқару жүйесі мен мемлекеттік аудит органдары қолмен анықтап отыр», — деді Дәурен Кенбеил.

Бұл мәселені толық автоматтандыру үшін Қаржы министрлігі арнайы бағалар базасымен байланысқан ұлттық тауарлар каталогын әзірлеп жатыр. Осы жүйе іске қосылғаннан кейін бағасы нарықтағыдан әлдеқайда жоғары өтінімдерді жариялау мүмкін болмайды. Жаңа жүйе бюджет қаржысын үнемдеп, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Фото: gov.kz

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика