Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде отандық бизнеске үндеу тастап, әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы биліктің ұлттық буржуазияны қолдайтынын, алайда кәсіпкерлер де өз кезегінде халыққа қамқорлық көрсетуі тиіс екенін жеткізді.
«Біз ұлттық буржуазияны қолдаймыз. Ал кәсіпкерлер халыққа қамқор болуы керек. Тарихта дәулетті азаматтар білім беру мен ағартушылық жобаларға қолдау көрсетіп, қоғам дамуына үлес қосқанын ұмытпаған жөн», — деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев бизнесті корпоративтік волонтерлікті белсенді дамытуға үндеп, мемлекеттің қоғамдық қажеттіліктерге бей-жай қарамайтын кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.
Ол қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілікте ерекше көзге түскен бизнесмендерді марапаттау үшін жақында «Мейірім» орденінің тағайындалғанын еске салды.
Фото: Әлеуметтік желіден
