Ақтөбеде оқушылардың ата-аналарын алдап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) жоғары балл алып беремін деп ақша алған мұғалімге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мектептердің бірінде жұмыс істеген ұстаз әрбір түлекке кемінде 80 ұпай жинап беретінін айтып, ата-аналарды сендірген. Ол ҰБТ-ның әрбір балын 7 мың теңгеге бағалапты. Нәтижесінде ол әр ата-анадан 560 мың теңгеден жинап алған.
Алайда ұстаз уәдесінде тұрмай, жиналған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Алданғанын білген ата-аналар құқық қорғау органдарына шағымданған.
Ақтөбе қаласының №2 соты мұғалімді алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп таныды.
«Сот үкімімен ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелді. Алайда рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, жаза мерзімі 2 жыл 4 айға дейін қысқартылды», — делінген сот хабарламасында.
Фото: 24.kz
