Еліміздегі мектептердің бірінде болған буллинг оқиғасы қоғамда қызу талқыланып жатқанда, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин бұл мәселені шешудің технологиялық жолын ұсынды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мусин балаға келген зардап кез келген ересек адамның жанына қатты бататынын айта келіп, жай ғана денсаулық тілеумен мәселенің шешілмейтінін атап өтті.
«Мен заңгер емеспін, бірақ бес баланың әкесі ретінде «ар-ұят», «тәрбие» және «заң» туралы құрғақ әңгімелердің іс жүзінде жұмыс істемейтінін нақты білемін. Қиын сәтте бәрін бақылау мен қауіпсіздік шешеді», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Қазақтелеком» басшысының пікірінше, Мемлекет басшысы басымдық беріп отырған жаппай цифрландыру балаларды қорғаудың тың мүмкіндіктерін ашады. Ол әр сыныпқа жасанды интеллект жүйесін орнатуды ұсынды.
«Бұл жай ғана бейнекамера емес. Нейрондық желі нақты уақыт режимінде төбелес, итеру немесе агрессияны анықтап, жанжалды жағдайларды белгілейді және дер кезінде әрекет етуге көмектеседі», — деп түсіндірді Мусин.
Сонымен қатар, ол көзге көрінбейтін жерлерге микрофондар мен датчиктер орнату арқылы айқай немесе қауіпті жағдайлар туралы мұғалімдерге жедел хабарлауға болатынын айтты. Мусиннің сөзінше, мұндай жоба Атырау облысындағы 200-ге жуық мектепте іске қосылып, оң нәтижесін берген.
Ол осы тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне де кезең-кезеңімен, саралап енгізудің маңызды екенін баса айтты.
«Әрбір бала оқуы мен дамуы үшін қауіпсіз және қолдау көрсететін ортаға лайық. Ата-аналар, мұғалімдер, билік – біз бәріміз бірігіп, балалар үшін осындай орта құра аламыз», — деп сөзін қорытындылады ол.
Фото: Әлеуметтік желіден
