Ұлттық қордан $1 млрд бөлінеді: Ақша кімге және қай салаға жұмсалады?

Ұлттық қордан жеке сектордағы жобаларды қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар бөлінеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаражат экономиканы әртараптандыру мақсатында жұмсалады.

«Қаржы баламалы инвестициялар портфелі аясында бөлінеді: 500 млн долларға дейін – жеке капитал, 200–250 млн доллар – инфрақұрылым, 200 млн долларға дейін – жеке борыш және 50–100 млн доллар – венчурлік капитал (стартаптар) үшін қарастырылған», — деді Молдабекова.

Инвестиция бірінші кезекте цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылым салаларына бағытталады.

Маңыздысы, бұл бағдарламаға мұнай және өндіру секторлары кірмейді. Негізгі мақсат – экспорттық әлеуетті күшейтіп, елге жаңа технологияларды тарту.

Инвестицияның негізгі бөлігі (70%) Қазақстанға, ал қалғаны Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі жобаларға салынады. Бағдарламаны Ұлттық банктің еншілес компаниясы – Ұлттық инвестициялық корпорациясы іске асырады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика