Иран көсемінің ұлы Лондонда құпия империя құрған: Bloomberg зерттеуінің жай-жапсары

Иранның рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің ұлы Моджтаба Хаменеи халықаралық санкциялар мен елдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, Еуропа мен Таяу Шығыста ірі жылжымайтын мүлік империясын құрған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Bloomberg агенттігі бір жылға созылған зерттеуінің қорытындысын жариялады. Онда жылжымайтын мүлік құжаттары мен қаржылық операцияларға қатысы бар дереккөздердің мәліметтері негізге алынған. Зерттеуге сәйкес, Моджтаба Хаменеидің халықаралық инвестициялардан тұратын ауқымды желісі бар.

Атап айтқанда, оның Лондонда, Дубайда және бірнеше Еуропа елінде қымбат мүлкі анықталған. Олардың ішінде беделді «Миллиардерлер көшесінде» орналасқан зәулім үйлер мен құны ондаған миллион фунт стерлингке бағаланатын виллалар бар. Бұл активтердің басым бөлігі Ұлыбритания санкция салған кәсіпкер Әли Ансаридің атына тіркелген делдал компаниялар арқылы рәсімделгені белгілі болды.

«Моджтаба Иранның ішінде де, сыртында да түрлі ұйымдардың ірі акция пакеттеріне иелік етеді немесе іс жүзінде соларды бақылайды. Ал Әли Ансари оның шоттарының негізгі иесі саналады. Бұл Ансариді бүгінде елдегі ең ықпалды олигархтардың біріне айналдырып отыр», — дейді Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының сарапшысы Фарзин Надими.

Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, шетелдегі инвестицияларға бағытталған қаржының негізгі көзі – Иран мұнайын сатудан түскен табыс. Сонымен қатар, кіші Хаменеи активтерді өз атына тікелей тіркеуден аулақ жүріп, бұл операциялардан ресми түрде алшақ көрінуге тырысқан.

Моджтаба Хаменеи Иранның саяси жүйесінде маңызды тұлға саналады. Ол Ислам революциясы сақшылар корпусымен тығыз байланыста және 86 жастағы әкесі аятолла Әли Хаменейдің орнын басатын ықтимал мұрагер ретінде қарастырылады. Бұл зерттеу көпжылдық санкцияларға қарамастан, Иран элитасының капиталды шетелге қалай шығаратынын көрсетеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика