Нұрай Серікбай ісі: Вице-министр видео таратқан полицейге қатысты мәлімдеме жасады

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха марқұм Нұрай Серікбайдың жауабы жазылған видеоның таралуына қатысты пікір білдірді. Ол бұрынғы полиция қызметкерінің мұндай әрекетке баруға құқығы болмағанын кесіп айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұған дейін жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов іске қатысты құпия дәлелдемелерді таратқаны үшін бұрынғы полиция қызметкерінің үстінен шағым түсірген болатын. Әңгіме Нұрай Серікбайдың күдіктіге ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан жауабының видеожазбасы туралы болып отыр.

Игорь Лепёханың сөзінше, полиция департаментінің қызметкері бұл жазбаны таратуға құқылы емес.

«Оның бұлай жасауға құқығы болмады. Бірақ тағы да қайталап айтамын: іс қозғалды, оның осы әрекетіне де құқықтық баға беріледі», — деді ол сенатта өткен брифингте.

Сонымен қатар вице-министр полицейлердің салғырттығына қатысты қылмыстық істің тергеу барысына қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Ол тергеудің ресми аяқталуын күтуге шақырды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика