Жаңаөзенде дәрігерді жұмыс орнында өлтіріп кетті

Жаңаөзендегі ауруханалардың бірінде терапевт дәрігер пышақ жарақатынан көз жұмды, күдікті полицияға өзі келген, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл қайғылы оқиға туралы алғашқылардың бірі болып журналист әрі қоғам белсендісі Айсұлу Дутбаева хабарлады. Оның айтуынша, шабуыл 28 қаңтарда түскі сағат 14:00 шамасында болған. Әріптестері дәрігердің өмірі үшін күрескенімен, алған жарақаты тым ауыр болып, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті Жаңаөзенде 29 жастағы ер адамның пышақ жарақатынан қайтыс болғанын растады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар арасындағы жанжал отбасылық-тұрмыстық кикілжің негізінде туындаған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған қылмысын мойындады», — деп хабарлады өңірлік ПД.

Полиция бұл дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика