Астанадағы көпірде жантүршігерлі жол апаты болды: Екі адам қаза тапты

Астанадағы Сарайшық көшесіндегі көпірде бірнеше көлік соқтығысып, соңы екі адамның өліміне әкелді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын елордалық Полиция департаменті хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

«Toyota көлігінің жүргізушісі Сарайшық көшесімен Түркістан көшесі жағынан келе жатып, көпір үстінде рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Салдарынан қарсы бағытта келе жатқан Lada және Skoda көліктерімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасынан екі адам көз жұмды», — делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика