«МузАРТ» тобының әншісі Сәкен Майғазиевке қатысты әлеуметтік желіде дау шықты. Желі қолданушысы өнер иесін Түркістандағы жеке мектебінде жұмыс істеген қызметкердің жалақысын төлемеді деп айыптады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Дау threads желісіндегі пікірталас алаңында басталған. Dari_makeup_turkestan есімді қолданушының жазуынша, оның күйеуі Сәкен Майғазиев ашқан мектепте үш ай жұмыс істеп, бір тиын да еңбекақы алмаған. Оның айтуынша, жұмыс берушілер жалақыны кешіктіріп қана қоймай, қызметкерді қосымша шығынға батырған.
«Кезінде Түркістаннан жекеменшік мектеп ашқан еді. Күйеуім сол мектепте 3 ай жұмыс істеп, бір тиын да айлық ала алмады. Жұмыстан шығып кетсе, ақысын бермей қоя ма деп жүре берген. Оның үстіне жұмысқа қажет деп кредитке ноутбук алдырып, оны төлей алмай, тағы несие алып, әбден шығынға баттық», — деп жазды желі қолданушысы.
Арызданушы бұл оқиғаның болғанына біраз уақыт өткенін, алайда уәде етілген жалақы әлі күнге дейін төленбегенін айтып отыр.
«Баласына қанша рет жазды, хабарласты. «Әне береміз, міне береміз» деп жүргеніне 2 жылдан асты. Сонша абыройлы адамның біреудің еңбегін жеп, айлығын төлей алмай жүргені ұят», — деп ренжіді ол.
Бұл жазба желіде қызу талқыға түсіп, көпшілік әншінің сахнадағы діни ұстанымы мен бұл әрекетінің сәйкес келмейтінін сынады.
«Сәкен Майғазиев, бұл не сұмдық? Иман, Алла деп сөйлеуіңіз қайда қалды?», — деп сұрақ қойды желі қолданушыларының бірі.
Әзірге Сәкен Майғазиевтің өзі бұл айыптауларға қатысты ешқандай ресми жауап берген жоқ.
Фото: Әлеуметтік желіден
