Елена Рыбакина сенсация жасады: Әлемнің екінші ракеткасы жарыстан шығып қалды

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Australian Open турнирінің жартылай финалына өтті. Ширек финалда ол әлемнің екінші ракеткасы, польшалық Ига Швёнтекті сенімді түрде жеңді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Кездесу 1 сағат 35 минутқа созылып, 7:5, 6:1 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды. Осы ойында Рыбакина 10 эйс жасап, үш қосарланған қатеге бой алдырды және жеті брейк-пойнттың төртеуін сәтті орындады. Бұл – Рыбакинаның спорттық мансабындағы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі төртінші жартылай финалы.

Айта кетерлігі, Елена Рыбакина осымен Аустралия ашық біріншілігінде өткізген бірде-бір матчында қарсыластарына сет берген жоқ.

Енді ол жартылай финалда америкалық теннисшілер Джессика Пегула (6 WTA) мен Аманда Анисимова (4 WTA) арасындағы кездесудің жеңімпазымен кортқа шығады.

Сонымен қатар, Australian Open турнирінде қазақстандық жасөспірім Заңғар Нұрланұлы да сәтті өнер көрсетіп жатыр. Ол 1/8 финалда ресейлік теннисші Савва Рыбкинді (6:1, 6:4) жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика