ҚТЖ қызметкері рельс бөлшектерін сатып, пайда таппақ болған

Қостанай облысында «ҚТЖ» қызметкері компанияның мүлкін сатып, пайда таппақ болғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Б. Майлин аудандық соты «ҚТЖ» АҚ-ға тиесілі мүлікті саудалаған Құсмұрын жол дистанциясының өндірістік учаске бастығына қатысты үкім шығарды.

Анықталғандай, ол теміржолдың маңызды бөлшегі саналатын Р-65 маркалы алты тесікті 40 жалғастырғышты сатып үлгерген. Келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгені құрады.

Сот процесінде айыпталушы кінәсін толық мойындап, ісіне өкінетінін жеткізді. Ұрланған бөлшектер уақытында тәркіленіп, кәсіпорынға қайтарылған.

Жәбірленуші тарап ретінде қатысқан «ҚТЖ» АҚ өкілі қатаң жаза тағайындауды сұрамады. Ол соттан айыптыға бас бостандығынан айырмайтын жаза кесуді өтінді.

Сот оның бұрын сотты болмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын және шын жүректен өкінгенін ескеріп, жазасын жеңілдетті.

Нәтижесінде сотталушының бас бостандығы екі жылға шектелді. Сонымен қатар оған материалдық жауапкершілігі бар қызметтерде жұмыс істеуге тыйым салынды.

Фото: КазТАГ

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика