Петропавлдағы үш кісінің өлімі: Тапсырыс беруші делінген әйел бостандыққа шықты

Петропавлда соңғы жылдардағы ең шулы қылмыс саналған үш адамның өліміне қатысты істегі басты күдікті бостандыққа шықты. Кәсіпкер әйел бәсекелестерін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталғанымен, сот оны тек қылмысты жасырды деп таныған болатын, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ирина Скоробогатованың есімі Петропавл жұртшылығына үш жылдан бері таныс. Жерлеу қызметін көрсететін «Петроспецобслуживание» компаниясының иесін бәсекелестерінің өліміне арандатты деген ауыр айып тағылған еді.

Бүкіл елді дүрліктірген бұл трагедия 2023 жылдың 28 желтоқсанында болды. Сол күні Петропавлда «Ангел» жерлеу агенттігінің иесі Вадим Приходченко, оның әйелі Юлия және 17 жастағы мектеп оқушысы ұлы Юрий өз үйінде аяусыз өлтірілді. Тергеу болжамы бойынша, қанды қылмысқа жерлеу қызметі нарығындағы бәсеке себеп болған. Приходченко отбасы мен Скоробогатованың компаниясы осы саладағы ірі ойыншылар еді.

Алайда сотта Скоробогатованың бұл қылмысқа тікелей тапсырыс бергені дәлелденбеді. Нәтижесінде ол жасалған қылмыс туралы біле тұра полицияға хабарламағаны үшін сотталды. Бірінші сатыдағы сот оны үш жылға бас бостандығынан айырса, 11 апелляциялық шағымнан кейін сот алқасы жазаны тағы бір жылға ұзартты.

Дегенмен, кәсіпкер әйел темір тордың ар жағында ұзақ отырған жоқ. Ол 2025 жылдың желтоқсанында түзеу мекемесінен босап шықты. Оның бостандыққа шығуына ҚР Қылмыстық кодексінің 14 жасқа толмаған балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерге қатысты жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қарастыратын 74-бабы негіз болды.

Ал үш адамның өмірін қиған нағыз қылмыскерлер жазасын толық өтейді. Істің басты фигуранты, Ирина Скоробогатованың көңілдесі болған 38 жастағы Сергей Емельянов өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылды. Оның 27 жастағы сыбайласы Данил Орлов 23 жылын колонияда өткізеді.

Фото: Halyqstan телеграм каналы

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика