Қазақстанда жер қатынастарына қатысты бірнеше маңызды мемлекеттік қызмет eGov.kz порталы арқылы онлайн форматқа көшірілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, енді азаматтар жерге қатысты маңызды үш операцияны үйден шықпай-ақ жасай алады. Бұл жаңашылдық рәсімдерді жеңілдетіп, олардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Енді eGov.kz порталында мына қызметтерді онлайн алуға болады:
• Жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту;
• Жер учаскесін жеке меншікке немесе бөліп төлеу арқылы сату;
• Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру.
«Жаңа сервистер мемлекеттік қызмет көрсетуді ыңғайлы етуге, оны алу мерзімін қысқартуға және жер қатынастары саласындағы рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге арналған», – делінген министрлік хабарламасында.
Фото: Әлеуметтік желіден
