Қазақстанда суға кеткен әр бесінші адам – бала: Жаңа бағдарлама көмектесе ме?

Қазақстанда жаз сайын қайғылы оқиғалар қайталанады: адамдар суға кетіп жатыр. Соңғы үш жылда 688 адам суға батса, оның 151-і – бала. Тек 2025 жылғы шомылу маусымының алғашқы екі айында 62 адам, соның ішінде 24 бала ажал құшты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы Евгений Азарьевтің айтуынша, дәл осы статистика елімізде жүзу спортына деген көзқарасты өзгертуге түрткі болған.

«Осыған байланысты 2026 жылдан бастап Алматы мен Астанада Swim Nation пилоттық жобасы іске қосылады. Оны «Qazaq Aquatics» республикалық қоғамдық бірлестігі әзірледі. Жобаның бір қалаға арналған 2026 жылғы шамамен бюджеті – 45 млн теңге. Бағдарламаға қатысатын әр оқушы жылына 33-34 сабақтан өтеді (аптасына бір жүзу сабағы). Пилоттық кезеңде әр қаладан 1000 оқушыны қамту жоспарланған. Егер жоба сәтті болса, ол бүкіл ел аумағына таратылады», – дейді сарапшы.

Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, мектепте жүзуді үйрету балалардың судағы өлімін 20–30%-ға азайта алады. Алайда Қазақстандағы басты мәселенің бірі – инфрақұрылым.

«Алматыдағы жұмыс істеп тұрған бассейндердің жалпы ауданы – 17,6 мың шаршы метр. Ал тапшылық 39,2 мың шаршы метрден асады. Яғни, еліміздің ең ірі қаласындағы бассейндердің өзі нормативтен үш есеге жуық аз. Өңірлердегі жағдай одан да күрделі: көптеген шағын қалада бассейн мүлде жоқ, ал бары күрделі жөндеуді қажет етеді. Орта есеппен Қазақстанда 1 млн тұрғынға 25-ке жуық бассейннен келеді, бұл Еуропа елдерімен салыстырғанда 2–6 есе аз», – деп түсіндіреді Евгений Азарьев.

Тағы бір негізгі мәселе – қаржыландыру. Көптеген болашағынан үміт күттіретін спортшылар мен олардың отбасы жарыстарға бару, киім-кешек пен оқу-жаттығу жиындарының ақысын өздері төлейді. Дегенмен, 2025 жылы Су спорты түрлері федерациясының президенті болып Нұрлан Жақыпов тағайындалғаннан кейін отбасыларға түсетін салмақты азайту үшін демеушілер мен серіктестерді белсенді тарту жоспары жарияланды. Өйткені Қазақстандағы жүзу – балалар қауіпсіздігі, салауатты өмір салты және спорттық жетістіктер мәселесін бірдей қамтиды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика