Шымкенттегі кісі өлімімен аяқталған жаппай төбелестен аман қалған азамат жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 36 жастағы науқастың жағдайы бірқалыпты, орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ол қазір хирургия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның өміріне маңызды барлық көрсеткіштердің қалыпты екенін және қажетті ем-дом жасалып жатқанын хабарлады.
Қайғылы оқиға 20 қаңтарда болған. Алдын ала болжам бойынша, жол-көлік оқиғасы алдын ала жоспарланған қылмыстық есеп айырысуды жасыру үшін жасалған сылтау болуы мүмкін. Төбелес салдарынан 40 жастағы Василий Колесниковты белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, кейін оның денесі Түркістан облысының аумағынан табылды. Ауыр пышақ жарақатын алған екінші жәбірленушіге шұғыл ота жасалған болатын.
Полиция осы оқиғаға қатысты қылмыстық істер қозғап, жеті күдіктіні ұстады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
