Тоқаев күштік құрылымдардың жұмысын сынады: «Бұл – нағыз жымқыру»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарындағы цифрландыру үдерісін қатаң сынға алып, әр мекеменің өз бетінше, жүйесіз жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Президент бұл жағдайды «нағыз жымқыру» деп атап, Үкіметке бірыңғай цифрлық экожүйе құруды тапсырды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, кейбір органдар цифрлық технологияны тиімді пайдаланса, енді бірі қыруар қаржыны босқа жұмсап отыр.

«Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ», — деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Тоқаев азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Оның сөзінше, ақпараттық кеңістікте жеке мәліметтердің тарап кетуі жиілеген, сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде қолға алу қажет.

Мемлекет басшысы киберқылмыстың өршіп тұрғанын және онымен күрес тәсілдерін түбегейлі өзгерту керегін айтты. Ол қазіргі таңда интернеттегі алаяқтық қылмыстардың тек бестен бірі ғана ашылатынын, бұл өте төмен көрсеткіш екенін атап өтті.

«Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет», — деді Президент.

Күрделі геосаяси ахуал аясында көші-қон үдерістерін цифрландыру да маңызды міндеттердің бірі ретінде аталды. Президент Қазақстанның шетелдіктер үшін қолайлы мемлекетке айналғанын айтып, елге келген азаматтарды уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіруді тапсырды.

Сөз соңында Тоқаев қоғамды жікке бөлетін деструктивті ақпаратпен күресу қажеттігін ескертті. Ол жасанды интеллектінің ақпараттық қаруға айналу қаупі барын айтып, заңға қайшы контент таратқандарды жауапкершілікке тарту керегін жеткізді.

Фото: Ақорда

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика