Ұлттық қауіпсіздік комитеті «OrdaMed» АҚ-ның медициналық жабдықтарды «отандық өнім» деп жалған құжатпен сатып, мемлекетке ірі көлемде зиян келтіргенін әшкереледі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаларды анықтауды жалғастырып жатыр. Нәтижесінде медициналық бұйымдарды «Қазақстанда жасалған» деп көрсететін ірі алаяқтық әрекеттің жолы кесілді.
Тергеу мәліметінше, «OrdaMed» АҚ басшылығы Қазақстанда өз өндірісі бар екенін растайтын жалған құжаттарды пайдаланған. Осы арқылы олар халық денсаулығы үшін аса маңызды 28 түрлі медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдікпен жеткізу бойынша заңсыз артықшылықтарға ие болған.
Шын мәнінде, дайын жабдықтар Қазақстанда өндірілмей, шетелден тасымалданған. Осы алаяқтық схеманың салдарынан мемлекет қазынасына 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.
