Филиппиннің оңтүстігіндегі Басилан провинциясының жағалауында аралдар арасына қатынайтын жолаушылар паромы апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан кемінде 15 адам мерт болып, тағы 43 адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Филиппиннің Жағалау күзетінің мәліметінше, бортында 350-ден астам жолаушы болған M/V Trisha Kerstin 3 кемесі дүйсенбіге қараған түні суға батқан. Паром Самбоанга қаласынан Холо аралына бет алған және Хаджи Мухтамад муниципалитетіне қарасты Балукбалук аралының маңында апатқа ұшыраған.
Құтқарушылар 316 адамды аман алып қалды. Іздестіру жұмыстарына аймақтағы барлық құтқару күштері жұмылдырылған.
«Жағалау күзеті кемеге шамадан тыс адам мінбегенін мәлімдеді. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз, іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр», — делінген ресми хабарламада.
Фото: Әлеуметтік желіден
