Украина президенті Владимир Зеленский Америка Құрама Штаттарымен жасалатын екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері туралы келісімнің толық дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл тарихи құжат соғыстың қашан аяқталатынын белгілеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Зеленский бұл кепілдіктер тек Украина үшін ғана емес, бүкіл Еуропаның болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Украина үшін нақты қауіпсіздік кепілдіктері — осы соғыстың аяқталу күніне жол ашады. Бұл Украинадағы ғана емес, Еуропадағы ықтимал соғыстың да бітуіне ықпал етеді. Біз үшін басты кепілдік, ең алдымен, АҚШ тарапынан берілетін екіжақты келісім», — деді Украина басшысы.
Оның сөзінше, қазіргі таңда құжат 100 пайыз дайын және тараптар оған қол қоятын уақыт пен орынды келісуді күтіп отыр.
«Біз серіктестерден оны қашан және қай жерде бекітетініміз туралы нақты жауап күтіп отырмыз. Одан кейін құжат ратификациялау үшін АҚШ Конгресі мен Жоғарғы Радаға жіберіледі», — деп түйіндеді сөзін Владимир Зеленский.
Фото: Әлеуметтік желіден
