Қазгидромет ескерту жасады: Елордада боран, оңтүстікте көктемнің лебі сезіледі

Қазақстанның ірі қалаларында алдағы үш күнде ауа райы күрт құбылады. Елордада қақаған қыс сақталып, боран соқса, оңтүстікте көктемнің алғашқы лебі білінеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, Астанада нағыз қыс қаһарына мінеді. Алдағы күндері қалада қар жауып, бұрқасын соғады. Түнгі уақытта ауа температурасы -22 градусқа дейін төмендесе, күндіз -11…-17 градус аралығында болады. Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына жылы киінуге кеңес береді.

Алматыда, керісінше, жауын-шашынсыз, тұрақты ауа райы күтіледі. Дегенмен, түнде қаланы тұман басып, көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде -5…-10 градус, ал күндіз 0…+2 градусқа дейін жылиды. Жүргізушілерге жолдарда абай болу қажеттігі ескертіледі.

Еліміздің оңтүстік мегаполисі Шымкентте ауа райы құбылмалы болады. Мұнда қар соңы жаңбырға ұласуы ықтимал. Сондай-ақ тұман түсіп, көктайғақ болады және желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін. Алайда күндізгі температура басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір жоғары: +1-ден +5 градусқа дейін жылы.

«Синоптиктердің мәліметінше, осындай ауа райы жағдайы сейсенбіге дейін сақталады», — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика