Қазақстанда конституциялық реформа аясында негізгі заңға жаңа түзету ұсынылып жатыр, оған сәйкес президент қызметінен мерзімінен бұрын кетсе, оның өкілеттігі вице-президентке өтеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Айта кетейік, қазіргі Конституцияның 48-бабына сәйкес, Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кеткен, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат Төрағасына көшеді. Ұсынылып отырған жаңа түзету осы тәртіпті өзгертеді.
Түзету жобасына сәйкес, жаңадан енгізілетін вице-президент лауазымының иесі Қазақстан Республикасының мүддесін халықаралық қатынастарда қорғап, Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейді.
Сонымен қатар оның міндеттеріне Қазақстанның және шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен байланыс орнату кіреді. Түзетуде вице-президенттің президент айқындайтын «өзге де өкілеттіктерді» атқаратыны да көрсетілген.
Фото: Әлеуметтік желіден
