Көкшетауда жігіттермен жалған парақша арқылы танысып, ақша бопсалаған елордалық «Нұрайдың» ізбасарлары ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, екі жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде әдемі қыздардың суретін салып, жалған аккаунттар ашқан. Олар осы парақшалар арқылы жас жігіттермен танысып, кездесуге шақырған.
Алайда, романтикалық кездесудің орнына жәбірленушілерді мүлде басқа жағдай күтіп тұрған.
Күдіктілер өздерін құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері ретінде таныстырып, жігіттерді «заңмен қиындық туады» деп немесе күш көрсетеміз деп қорқытқан. Осылайша олар ашық түрде ақша талап еткен.
Бұл әдіспен олар кем дегенде үш адамды алдап үлгерген. Бопсалаушылардың иемденген жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асып жығылған.
Күдіктілер кезекті ақшаны алып жатқан кезде қылмыс үстінде қолға түсті.
«Қазіргі уақытта бопсалау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады ведомство.
Фото: Әлеуметтік желіден
