Дубайдағы қанды төбелес: Алты өзбекстандық азамат өлім жазасына кесілді

Дубайда алты Өзбекстан азаматы өлім жазасына, тағы біреуі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Оларға өткен жылы болған жаппай төбелеске қатысты осындай ауыр үкім шыққан, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, екі топ арасындағы кикілжің былтыр сәуір айында болған, бірақ сот үкімі енді ғана жарияланды. Ескі келіспеушілік соңы жаппай төбелеске ұласып, салдарынан бір адам пышақ жарақатынан қаза тапқан. Комада жатқан тағы бір өзбекстандық кейінірек көз жұмған.

«Марқұмдардың бірі қызыл Mercedes көлігінен дөңгелегін тексеру үшін шыққанда, оған бір топ ер адам тап берген. Екіншісі қашып үлгермек болған, бірақ оны басқа топ ұстап алған», – делінген жергілікті басылымдардың хабарламасында.

Дубайдың құқық қорғау органдары төбелестің жеке бас араздығынан туындағанын растады. Ұсталғандар өз кінәсін мойындаған және олардың бұрыннан таныс болғаны анықталды.

Өз кезегінде Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі сот үкімімен келіспейтінін және апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

«Бұл процесс жылдарға созылуы мүмкін», – деп ескертті ведомство.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика