Қазақстан банктері жеңіл табыстан қағылды: Сүлейменов жаңа ереже енгізді

Қазақстанның екінші деңгейлі банктері бұдан былай артық ақшасын Ұлттық банкке салып, тәуекелсіз пайда табу мүмкіндігінен айырылды. Енді реттеуші бұл схеманың жұмысын тоқтататын жаңа, қатаң талаптарды іске қосты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұған дейін банктер қолдағы артық қаражатын Ұлттық банктің ноталары мен депозиттеріне орналастырып, ешқандай тәуекелсіз және салықсыз табыс тауып келген. Реттеуші мұндай жағдайды «дұрыс емес» деп санайды.

«Банктер бұл қаражатты экономиканы несиелеуге бағыттаудың орнына, оңай жолмен пайда көруге үйреніп алған», — деп атап өтті Сүлейменов.

Ендігі басты өзгеріс — ең төменгі резервтік талаптар (ЕТРТ) көтеріледі. Бұл дегеніміз, банктер өз ақшасының белгілі бір бөлігін Ұлттық банкте пайызсыз ұстауға міндеттеледі. Осылайша, реттеуші оларды қаражатты жай сақтамай, нақты экономикаға, яғни бизнеске несие ретінде беруге ынталандырмақ.

Жаңа талаптар кезең-кезеңімен күшіне енеді. 2025 жылдың шілдесінен бастап теңгедегі міндеттемелер бойынша ЕТРТ 1,3%-дан 3,5%-ға, ал шетел валютасында 2,5%-дан 10%-ға дейін өседі.

Ал 2026 жылдың сәуір-қыркүйек айларында бұл көрсеткіштер теңге үшін 5%-ға, валюта үшін 15%-ға дейін жетеді. Егер банк бизнеске несие беруді немесе бағалы қағаздарға инвестиция салуды 20%-ға арттырса, олар үшін валюталық резерв талабы уақытша 12% болып сақталады. Алайда бұл жеңілдік 2026 жылдың қыркүйегінде толығымен жойылады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика