Бизнеске жаңа айыппұл: Еңбек шартын тіркемесеңіз, 650 мың теңге төлейсіз

12 наурыздан бастап Қазақстанда жұмыс берушілерге қойылатын талап күшейеді. Енді еңбек шарттарын бірыңғай жүйеге тіркемеген немесе қате енгізген кәсіпкерлерге ірі көлемде айыппұл салынады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) қатысты ережені бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Заң бойынша еңбек шартын жүйеге мүлдем енгізбеген, кешіктіріп тіркеген, ондағы мәліметті толық көрсетпеген немесе жалған дерек енгізген жағдайда жаза қолданылады. Тіпті құжатта қызметкердің ЖСН/БСН, лауазымы, жұмыс орны, шарт мерзімі, басталу күні мен нөмірі сияқты міндетті деректердің бірі болмаса, бұл қате деп танылады.

Белгіленген мерзімдер де қатаң сақталуы тиіс: жаңа шарт – 5 күн, өзгерістер – 15 күн, ал қызметкерді жұмыстан босату 3 жұмыс күні ішінде жүйеге енгізілуі шарт. Қатені түзетуге 30 жұмыс күні беріледі.

Алғашқы заңбұзушылық үшін салынатын айыппұл мөлшері бизнес көлеміне қарай өседі:

• Лауазымды тұлғаларға – 30 АЕК (110 760 теңге);
• Шағын бизнес субъектілеріне – 60 АЕК (221 520 теңге);
• Орта бизнеске – 80 АЕК (295 360 теңге);
• Ірі кәсіпкерлікке – 150 АЕК (553 800 теңге).

Егер бұл ереже бір жыл ішінде қайта бұзылса, айыппұл мөлшері екі есеге дейін артып, 200 АЕК-ке (738 400 теңге) жетуі мүмкін.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жүйеде 6,3 миллион еңбек шарты тіркелген. Бұл – жалпы шарттардың 91 пайызы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика