Қайыршының құпия байлығы: Үндістанда көшеде отырған ер адамның миллионер болып шықты

Фото: Dailymail.co.uk

Үндістанда билік өкілдері көшеде қайыр сұрап жүрген алапес дертіне шалдыққан ер адамға көмек көрсеткеннен кейін күтпеген жайт анықталды. Оның бірнеше жылжымайтын мүлкі, жеке автокөлігі және табыс әкелетін жалға берілетін авторикшалары бар болып шықты. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлады.

Тек Мангилал есімімен танылған 50 жастағы ер адамды Индор қаласындағы Сарафа базарында тұрғындар көптен бері көріп жүрген. Жүріп-тұруы қиын болғандықтан, ол дөңгелегі бар шағын ағаш тұғырда отырып, аяқтарын айқастыра жай қозғалған. Қолын жарақаттап алмау үшін қозғалғанда алақанын аяқкиімнің ішіне салып отырған.

Көрінген жұрттан ақша сұрамаған, үндемей бір орында отыратын Мангилалдың бұл бейнесі жергілікті билік әлсіз топтағы адамдарды көшеден көшіру науқанына кіріскенде өзгерді. Оны арнайы орталыққа алып барып, жуындырып, таза киім кигізген соң жүргізілген тексеріс оның едәуір байлыққа ие екенін көрсетті.

Тексеру барысында Мангилалдың үш қабатты жеке үйі, тағы бір тұрғын үйі және мемлекет ұсынған әлеуметтік бағдарлама аясында ата-анасымен бірге тұрып жатқан пәтері бар екені анықталған. Бұл туралы Шивам Верма мәлімдеді. Сондай-ақ оның жалға берілетін автокөлігі мен бірнеше авторикшасы бары белгілі болды.

Белгілі болғандай, қайыршылықтан жиналған қаражат күнкөріске емес, қайта табыс көзіне айналдырылған. Мангилал жергілікті саудагерлерге қысқа мерзімге қолма-қол ақша қарызға беріп, пайызын күн сайын кешке өзі жинап отырғанын мойындады.

«Индорда қайыр сұрау да, садақа беру де заңға қайшы. Біздің мақсатымыз – адамдарды қайыршылықтан арылтып, лайықты өмір сүруіне жағдай жасау», – деді Верма.

Қазір билік оның банк шоттарындағы қаражат көлемін тексеріп жатыр. Алғашқы шара ретінде Мангилалды мемлекет берген әлеуметтік пәтерден айыру жоспарланып отыр.

Бұл дерек 2024 жылғы ақпанда басталған Индор қаласындағы қайыршылықпен күрес науқаны барысында анықталған. Ресми мәліметке сәйкес, қалада шамамен 6500 қайыршы бар. Соның ішінде 4500 адам кеңес алған соң қайыршылықты тоқтатқан, 1600 адам оңалту орталықтарына жіберілген, ал 172 бала мектепке орналастырылған.

Мангилалдың байлығы туралы ақпарат тарағаннан кейін оның туыстары алаңдаушылық білдіріп отыр. Жиенінің айтуынша, мүлікке қатысты кейбір мәліметтер шындыққа жанаспайды.

 

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика