Фото: видеодан скрин
Қарағандыда көшеде орналасқан дәмхана киоскісінде газ баллоны жарылып, салдарынан төрт адам жарақат алды. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлады.
Оқиға 22 қаңтар күні Ермеков көшесінде тіркелген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, киоск ішінде тұрған 17 литрлік газ баллонындағы газ-ауа қоспасы жарылып, кейін өрт тұтанған.
«Жарылыс салдарынан төрт адам күйік жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді өңірлік ТЖД өкілдері.
Төтенше жағдай нәтижесінде сауда нысанының ішкі және сыртқы қаптамасы, жиһаздары мен тұрмыстық техникасы зақымданған. Өрт шамамен 30 шаршы метр аумақты қамтыды. Қауіптің алдын алу мақсатында көлемі 27 литр болатын тағы екі газ баллоны дер кезінде сыртқа шығарылған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылып, жағдайлары ауыр деп бағалануда. Тағы бір науқас орташа күйікпен комбустиология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
