Қарағандыдағы дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, төрт адам күйік шалды. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 22 қаңтарда Ермеков көшесінде орналасқан жеке тұрған жылдам тамақтану дүңгіршегінде болған. Ғимарат ішінде сыйымдылығы 17 литрлік газ баллоны жарылып, соңы өртке ұласқан. Жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыды.
«Құтқарушылар дүңгіршектен сыйымдылығы 27 литрлік тағы екі газ баллонын алып шықты. Зардап шеккен төрт адам медицина мекемесіне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – делінген департамент хабарламасында.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы қосымша ақпарат берді. Ведомство мәліметінше, үш адам жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары өте ауыр. Тағы бір науқас орташа ауыр халде комбустиология (күйік жарақатын емдейтін) бөліміне жатқызылды.
Фото: Әлеуметтік желіден
