Фото: Pixabay
Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі – Теңіз кенішін игеріп отырған Теңізшевройл (ТШО) серіктестеріне мұнай тасымалы бойынша форс-мажорлық жағдайдың туындағанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы жазады.
Компания таратқан құжатқа сәйкес, өндірістік нысандарда орын алған техникалық ақауға байланысты ТШО уақытша Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) жүйесіне мұнай айдай алмай отыр. Қазіргі таңда форс-мажордың нақты қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Айта кетейік, бұған дейін «Теңізшевройл» кен орындарындағы мұнай өндіру 18 қаңтарда электр станциясында болған апаттан кейін тоқтатылған болатын. Reuters агенттігінің дерегінше, өндіріс кем дегенде ақпан айына дейін қайта жанданбауы мүмкін.
Сонымен қатар Королев кен орнында да мұнай өндіру уақытша тоқтатылды. Бұған өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйелерінде анықталған техникалық ақаулар себеп болған. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, жағдайды Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бақылауына алды.
Қазіргі уақытта комиссия апаттың себептерін жан-жақты техникалық тұрғыда зерттеп жатыр. Ресми қорытындылар мен шешімдер комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін ғана жарияланбақ.
