Пневмониямен ауруханаға түскен қызылордалық 1,5 жылдан бері комада жатыр

Фото: видеодан скрин

Қызылорда қаласында өкпесіне салқын тиіп, ауруханаға өздігінен барған 49 жастағы Ержан Әзенов бір жарым жылдан астам уақыттан бері комада жатыр. Дәрігерлер оның есін жиюы мүмкін бе, жоқ па – нақты айта алмай отыр. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Науқастың жары Қарлығаш Сақтапбергенованың айтуынша, 2024 жылы күйеуі пневмониямен ауруханаға түскен. Алайда палатадағы ауаның жетіспеуіне шағымданған ол бір күннен кейін дәрігерден сұранып, үйден емделемін деп ауруханадан шығып кеткен. Сол күні таксиге отырған сәтте Ержан Әзеновтың жүрегі бірнеше минутқа тоқтап, ми қызметі істен шыққан. Содан бері ол ес-түссіз күйде жатыр. Әйелі медицина қызметкерлері дер кезінде толық тексеріп, тиісті ем көрсетпеді деп санайды.

“Ішкі ағзалары жұмыс істеп тұр. Бірақ жүрегі 10–11 минутқа тоқтаған кезде миы да істен шыққан. Өз аяғымен келген адам осындай жағдайға түсті. Бүгін жатқанына 1 жыл 7 ай болды. Сол күні неге дұрыс ем жасалмады? Ол кісіні аман алып қалуға болар еді ғой”, – дейді Қарлығаш Сақтапбергенова.

Әйелінің сөзінше, науқас айналасында болып жатқанды сезгендей болғанымен, сұрақтарға жауап бермейді. Ал аурухана дәрігерлері барлық медициналық көмек талапқа сай көрсетілді деп отыр.

“Науқастың шағымдары мен сол кездегі тексеру нәтижесіне сәйкес пневмония диагнозы қойылып, терапия бөлімшесіне жатқызылды. Пульмонолог дәрігер қарады, стандартқа сай ем-шаралар тағайындалды. Емде ауытқу болды деуге негіз жоқ. Бір жарым жылдан бері бақылауда, айтарлықтай өзгеріс байқалмайды”, – дейді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Бержаппарова.

Аурухана әкімшілігі науқасты үйіне жіберген дәрігерге тәртіптік жаза қолданған. Ал полиция “қызметтік міндетін тиісінше орындамау” дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Науқастың жақындарының айтуынша, Ержан Әзенов бұрын спортпен тұрақты айналысқан, денсаулығына шағымданбаған. Қазір жары мен екі қызы оның сауығып, үйге оралуын үмітпен күтіп жүр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика