Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары 2026 жылдың ақпан айының соңына дейін ешқандай айыппұлсыз және елге қайта кіруге тыйым салынбай, өз еркімен орала алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тағы да еске салды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Алайда бұл бағдарламаға қылмыстық жауапкершілікке тартылған, елден мәжбүрлеп шығару туралы шешім қабылданған немесе 2025 жылдың 1 желтоқсанынан кейін заңсыз жұмыс істей бастаған азаматтар ілікпейді.
Елге оралу үшін қазақстандықтар Оңтүстік Кореяның көші-қон кеңселеріне барып, төлқұжатын, арнайы өтінішті және еліне қайтатын билетін көрсетуі қажет.
