Соңғы үш жылда Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны орта есеппен 8–12%-ға тұрақты өскенімен, бұл көрсеткіш көбіне бір реттік ірі шараларға ғана тәуелді болып отыр. Туризм саласының сарапшысы Меруерт Омар шетелдік қонақтар ағынын тұрақтандыруға не кедергі екенін және саланың экономикалық әлеуетін қалай толық ашуға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда туристерді елге негізінен халықаралық концерттер, көрмелер мен ірі спорттық жарыстар тартады. Мысалы, жақында «Қайрат» футбол клубының өз алаңында өткізген төрт матчына 4 мыңнан астам шетелдік жанкүйер келген. Бұл экономикаға шамамен 3 млрд теңге кіріс әкелді. Ал «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде eQonaq жүйесінде небары 3 күн ішінде 5 221 турист тіркелген. Олардың басым бөлігі футбол көруге келгені анық. Келушілер саны бойынша Қытай (1411 адам), Ресей (969), Үндістан (365), Оңтүстік Корея (249) және Өзбекстан (246) көш бастады.
Бұл көрсеткіштер – тек ресми қонақүйлерге тоқтағандардың саны. Олардың қала экономикасына қосқан үлесі шамамен 7,8 млн АҚШ долларын құрады.
«Біздің туризм көбіне бір реттік ірі шараларға байланған. Алматы – негізгі орталық, бірақ басқа аймақтардың әлеуеті зор. Тұрақты өсімге қол жеткізу үшін бізге өңірлік сервисті дамытып, көлік инфрақұрылымын жақсарту керек. Сонда ғана ЖІӨ-дегі үлесті 6%-ға жеткізе аламыз», — дейді сарапшы.
Қазіргі таңда туризмнің Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) үлесі небәрі 3,2%-ды құрайды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен төмен. Алайда, әр шетелдік туристің елде шамамен 1400 АҚШ долларын жұмсайтынын ескерсек, бұл көрсеткішті 5-6%-ға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар.
Ол үшін Алматыдан бөлек, Түркістан, Шымкент, Ақтау, Бурабай және Қонаев сияқты бағыттарды дамыту маңызды. Сарапшының пікірінше, Қонаевта халықаралық әуежай ашу, Ақтау мен Түркістанға халықаралық рейстер санын көбейту Алматыға түсетін жүктемені азайтар еді. Сонымен қатар, 1-3 күнге арналған дайын туристік маршруттар ұсынып, ағылшын тіліндегі навигацияны дамыту – саланың тұрақты өсуінің басты кепілі.
Фото: Әлеуметтік желіден
