Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана мақсатында пайдалану ережелеріне өзгеріс енгізілді, жаңа тәртіп 2026 жылдың 31 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ең басты жаңалық – зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын ұстау тоқтатылады. Бұған дейін салықты алдын ала немесе кейінге шегеріп төлеу мүмкіндігі болса, енді бұл таңдау алынып тасталды.
Ипотеканы өтеуге қатысты да шектеу бар. Енді жинақтың бір бөлігімен тек ипотеканың негізгі қарызын ғана жабуға рұқсат етіледі. Ал несиенің сыйақысын (пайызын) төлеуге жұмсауға тыйым салынады.
Егер азаматтар растаушы құжаттарды уақытында тапсырмаса, алынған қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотқа кері қайтарылады.
Сондай-ақ қате аударымды түзету тетігі де қарастырылған. Егер арнайы шоттан БЖЗҚ-ға ақша қателесіп аударылса, банк үш жұмыс күні ішінде хабарлама жібереді. Осыдан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде ақшаны иесіне қайтаруы тиіс.
