Қарағанды облысының Теміртау қаласында тағы да коммуналдық апат болды. Жылу құбыры жарылып, сегізінші шағын аудандағы 39 үй жылудан ажыратылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, апат бұрыннан проблемалы саналған және биыл жөндеу жоспарланған жылу трассасында қайталанған. Қазір апаттық бригадалар зақымданған құбырды ауыстыру үшін үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Аязды күні қалада күндізгі температура -15°C болса, түнде -26°C дейін суытады деп күтілуде.
Сонымен қатар, облыстың тағы бір қаласы – Шахтинскіде де жылу беру уақытша шектелді. Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі бірнеше үй, бөбекжай мен дүкендер құбырды ауыстыру жұмыстарына байланысты төмендетілген параметрлерге көшірілді. Жөндеу бригадалары жұмысты 19 қаңтарда сағат 12:30-дан 16:30-ға дейін жүргізеді. Дәл осы учаскеде кеше, 18 қаңтарда да құбырдан су ағып, жылу беру азайтылған болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден
