Ақтөбедегі орталық базарда сатушыларға сувенир ақша ұсынып, оларды алдап соққан әйел ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Полицияға базар сатушылары хабарласып, бір сатып алушының тауар үшін ойыншық ақшамен есеп айырысып, қайтарымын нағыз ақшамен алып кеткенін айтқан. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында Қостанай облысының 48 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Тінту кезінде одан номиналы 5 және 10 мың теңгелік сувенир банкноттар табылып, тәркіленді. Күдіктінің өзі бұл әрекетін былайша түсіндірген.
«Мен бұл сувенир ақшаларды алдағы той шарасына арнап сатып алған едім», — деді ол тергеу барысында.
Алайда тергеу нұсқасы бойынша, күдікті суық ауа райы мен сатушылардың аңғалдығын пайдаланған. Ол ойыншық ақшаны беріп, қайтарымын нағыз ақшамен алып отырған. Әзірге оның осындай төрт алаяқтық оқиғасына қатысы бары анықталды. Қазір полиция оның қаладағы басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғын тексеріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Фото: polisia.kz
