Ирандағы қанды қақтығыс: Кемінде 16 500 адам қаза тапқаны хабарланды

Ирандағы наразылық акциялары кезінде қаза тапқандар саны жөнінде бір-біріне қайшы келетін бірнеше дерек жарияланды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Иран билігінің өзі наразылықтар барысында кемінде 5 мың адамның мерт болғанын растады. Олардың ішінде 500-ге жуығы қауіпсіздік қызметкері бар. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ресми Тегеран бұл өлімдерге «терроршылар мен қарулы бүлікшілерді» айыптап отыр. Дереккөздің мәліметінше, ең ауыр қақтығыстар мен ең көп құрбан Ислам Республикасының солтүстік-батысындағы күрдтер тұратын аймақтарда тіркелген.

Ал HRANA адам құқықтарын қорғау ұйымының дерегі басқаша. Олардың есебінше, қаза тапқандар саны 3 308-ге жеткен, тағы 4 382 адамның өлімі әлі нақтыланып жатыр. Сонымен қатар, ұйым 24 мыңнан астам наразылық білдірушінің қамауға алынғанын мәлімдеді.

Осы уақытта The Sunday Times басылымы Иранда жұмыс істейтін дәрігерлердің баяндамасына сүйеніп, мүлде басқа сандарды келтірді. Басылымның жазуынша, кем дегенде 16 500 наразылық білдіруші қаза тауып, 330 мың адам жарақат алған.

Бұл «Иран режимінің 47 жылдық тарихындағы ең қатыгез қудалауы» деп сипатталды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика