Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 18 жастағы ұлы Адамның Грозный қаласының орталығында жол апатына ұшырағаны туралы ақпарат тарады. Ресми билік бұл жаңалықты растамай отыр, алайда оқиғаны жасыру үшін ескі видео жариялаған болуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
«Фортанга» басылымының жазуынша, оқиға 16 қаңтар күні кешке болған. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Адам Қадыровтың керуені белгісіз кедергіге соғылып, соның салдарынан колоннадағы көліктер біріне-бірі кірген. Дегенмен, оқиға орнынан түсірілген суреттер мен видеолар әлі күнге дейін еш жерде жарияланбады.
Расталмаған деректерге сәйкес, Адам Қадыров алдымен Грозныйдағы республикалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Сол күні кешке «Яндекс» және 2GIS сервистері жол апаты болған аудан мен медициналық мекеменің маңында үлкен кептеліс тіркеген. Кейінірек БАҚ-та Қадыровтың ұлының Мәскеуге жөнелтілгені туралы ақпарат пайда болды.
Басылым дереккөзі оны шұғыл түрде санитарлық ұшақпен астанаға алып кеткенін хабарлады. Кешкі сағат 19:37-де Грозныйдан ТЖМ-нің Ан-148-100ЕМ ұшағы ұшып шығып, түн ортасында Мәскеудегі Внуково әуежайына қонған. Мұндай ұшақтар ауыр науқастарды тасымалдауға арналған және ұшатын госпиталь секілді жабдықталған.
Оның артынша Грозныйдан Мәскеуге Рамзан Қадыровқа тиесілі екені айтылатын Airbus ACJ319 ұшағы да аттанған. Сонымен қатар, бұл апатта UFC файтері Хамзат Чимаев зардап шекті немесе қаза тапты деген қауесет тарады. Алайда «Чечня сегодня» басылымы спортшының айналасындағы дереккөзге сілтеме жасап, бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Шешенстан билігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Ал Рамзан Қадыровтың өзі Telegram-арнасында апат туралы ештеңе жазбай, келесі күні «Ахмат» арнайы жасағының Украинаның Сумы облысындағы әскери операциясы туралы жазба жариялады.
Жол апаты туралы жаңалық тарағаннан кейін Рамзан Қадыров ұлының командирлермен жиналыс өткізіп жатқаны туралы видеоны жариялады. Алайда ресейлік Telegram-арналар бұл видеоның шындыққа жанаспайтынын анықтады.
«Бұл ролик екі күн бұрын, яғни жол апаты болуы мүмкін деген күннен бір тәулік бұрын жазылған», — деп жазды «Осторожно, новости» каналы.
Фото: Әлеуметтік желіден
