Атырау облысында ата-анасы қастандықпен өлтірілген ағасы мен қарындасын іздеу жұмыстары тоқтатылды. Құтқарушылар енді олардың ізіне түспейді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Іздеу шаралары Жангелді ауылында жүргізілген. Құтқарушылар полиция көрсеткен барлық аумақты тексеріп шыққанымен, ешқандай жаңа дерек немесе ілік табылмады. Осыған байланысты 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев пен 35 жастағы Мейрамгүл Қарабалина енді ресми түрде із-түссіз жоғалғандар тізіміне енгізілді.
Бұл қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айында басталған. Сол кезде төрт адамнан тұратын отбасы түгелдей жоғалып кеткен еді. Араға уақыт салып, 2026 жылдың 6 қаңтарында ерлі-зайыптылардың пышақ жарақаты бар денелері шаруашылық қора-қопсының ішінен табылды.
Қылмысқа басты күдікті – марқұмдардың күйеубаласы Сұлтан Сәрсемалиев. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Күдіктінің әйелі, яғни өлтірілген жұптың кенже қызының да қайда екені әлі күнге дейін белгісіз.
Фото: Әлеуметтік желіден
