Түркістан облысында клиника басшысынан ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен 32 жастағы блогер әйел ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Келес ауданында болған. Күдікті өзін «қоғам белсендісі» ретінде таныстырып, жергілікті медициналық клиниканың басшысына хабарласқан.
Ол әлеуметтік желілерде мекеменің беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялаймын деп қорқытып, ақпаратты таратпау үшін 1 миллион теңге талап еткен.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні ақшаны алып жатқан сәтте қолға түсірді. Одан айғақты зат ретінде талап етілген сома тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» бабы бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
